Список документов
Мәтін құрылымы және Мәтін түрлері

Тақырыбы: Мәтін құрылымы.

Сабақтың мақсаты: мәтін туралы мағлұмат бере отырып, мәтінге жоспар құруды үйрету.

Сабақтың барысы:

1. Тақтаға төмендегідей мәтін жазылған плакат ілінеді.

Кірпі.

Жаз айы. Ауыл маңында ойнап жүргенбіз. Бір кезде қасымызға Есімбек келді. Танауы делдиіп кетіпті. Қолында кірпі. Өзен бойынан тауып алыпты. Кірпінің аяғы жаралы екен. Жібере салуға обалсындық. Аяғы жазылғанша бағуды жөн көрдік. Түс қайта үйге қайттық. Есімбек кірпіге қағаз қораптан үйшік жасады. Мен сүт бердім. Кірпі бізге үйрене бастады. Аяғы да жазылды. Аз күнде далаға жібереміз.

-  Мәтінді оқымай тұрып, ол не туралы екенін кім айтады? (Кірпі туралы).

-  Оны қайдан білдіңдер? (Тақырыбынан).

-  Мәтін неше абзацтан тұр? (Үш абзацтан).

Үш абзацты жеке-жеке оқытып, әр абзацқа ат қойдырылады. Оларды тақтаға жазып қою керек. Әртүрлі нұсқалар болуы мүмкін. Жоспар қысқа сейлемдерден тұратындығы айтылады.

1) Жаралы кірпі.

2) Балалардың қамқорлығы.

3) Қолға үйренген кірпі.

-  Балалар, әр абзацқа ат қоя отырып, біз не құрдық?

-  Мәтінге жоспар құрдық.

-  Жоспар не үшін керек?

Жоспар арқылы мәтіннің негізгі мазмұны көрсетілетіні, мәтіннің мазмұны ретімен айтылатыны түсіндіріледі.

3. Оқулықпен жүмыс.

1-жаттығу. Мәтінді түсініп оқы, мәтін аяқталған ба?осы сөйлемдердің қайсысымен мәтінді аяқтауға болады? Мәтін мазмұнын әңгімелеп айт.

Нан асықтан алынады. Астықты өсірген адам – диқан. Ол жыл бойы тыным таппайды. Көктемде жер жыртады. Жерге дән себеді. Дәннен егін көктейді. Диқан  жаз бойы егінді баптайды. Күзде піскен егінді комбайнмен орады. Масақ толы дән қырманға тасылады.

2-жаттығу. Мәтінді оқы, мәтіннің құрылымын анықта. Мәтінді қалай атауға болады? Мәтіндегі негізгі бөлімді көшіріп жаз.

Азамат, Ернар, Талғат көрші балалармен футбол ойнауға шықты. Азамат пен Ернар бір топта. Кішкентай Талғат йынға қатыспады.

Балалар оынды қатты беріліп ойнады. Бір кезде Ернар байқамай, допты өз қақпасына  қарай теуіп жіберді. Доп қақпаға кіріп кетті.

Оқулықта берілген жаттығулар орындатылады. Мәтін туралы алған білімдері пысықталады.

4. Сабақты қорытындылау, үйге тапсырма беру.

Тақырыбы: Мәтін түрлері.

Сабақтың мақсаты: мәтін және мәтіннің түрлері туралы алған білімдерін пысықтау.

Сабақтың барысы:

1. Тақтаға төмендегідей плакат ілінеді.


 

 

Балықтың неше түрі бар. Балалар көл жағасында ойнап жүр. Әлия ағасының айтқанын бұлжытпай орындады.

Жидек шілдеде піседі. Дәмі өте тәтті! Өзі бармақтың басындай, түсі бозғылт. Ауыл адамдары жидекті шелектеп жинайды. Жегенінен артылғанын қайнатады.

С. Мұқанов

Өркеннің сүп-сүйкімді қо- зысы бар. Оның көзі көмірдей қап-қара. Жүні аппақ, бұйра. Бойы кішкентай.

1.  Жаздың келуі.

2.  Оқушылардың демалысы.

3.  Лагерьде.

Оқиғаны ретімен баяндайтын мәтін ӘҢГІМЕЛЕУ мәтіні деп аталады.

Оқушылардың назары 1-бөліктегі сөйлемдерге аударылады. Оларды оқиды. Бұлардың мәтін емес екендігі айтылады. Осылайша 2-3-бөліктегі мәтіндер оқытылып, оларды салыстырады. Екі мәтіннің қайсысы сипаттау, қайсысы әңгімелеу мәтіні екені анықталады.

-  Енді 4-бөліктегі берілгенді оқыңдар. Мәтін деуге бола ма?

-   Бұл - жоспар. Жоспар бойынша мәтін құрастыруға болады.

4-бөліктегі жоспар бойынша мәтін құрастырту. Құрастырылған мәтін мәтіннің қай түріне жататындығын айтады.

Оқулықтағы жаттығулар орындатылып, мәтін туралы алған білімдері пысықталады.

Сабақты қорытындылау.

1. Мәтін дегеніміз не?

2. Абзац дегеніміз не?

3. Жоспар қалай құрылады?

4. Мәтіннің түрлерін айтыңдар.

ҮІ. Сабақты қорыту.

Сабақты қорытындылау, үйге тапсырма беру, оны түсіндіру.

ҮІІ. Бағалау.

Сабақтың тақырыбы: Мәтін түрлері.

Сабақтың мақсаты: оқушыларға мәтіннің жазбаша немесе ауызша ойды жеткізетіндігін түсіндіре отырып, оның бірнеше сөйлемнен, ол сөйлемдердің мағына жағынан бір-бірімен байланысып тұратындығын білдіру.

Сабақтың көрнекілігі: кесте.

Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап, түсіндіру, демонстрациялау.

Сабақтың барысы:

Үй тапсырмасын тексеру.

Жаңа сабақ.

1. Кіріспе бөлім.

Тақтаға төмендегідей кесте ілінеді.

Бүгін сыныпта Нұржан кезекші. Асқар атасымен бірге қой бақты. Жанар бос уақытында кітап оқиды.

Мәди, Әли, Әсем, Гүлсім.

Бүгін мектепте жүгіруден жарыс болады. Жарысқа Айдын, Ілияс және Сырым қатысады. Жарысқа Әсел көрермен болып барады.

Үш бағанда берілгендерді бірнеше оқушы дауыстап оқиды.

Бірінші бағанда не берілген?

Бірінші бағанда үш сөйлем жазылған.

-  Әр сөйлемде қандай ой айтылған? Олар бір-бірімен байланысты ма?

-   Бірінші сөйлемде Нұржанның кезекші екені айтылған. Екінші сөйлемде Асқардың атасымен қой баққандығы, ал үшінші сөйлемде Жанардың бос уақытында кітап оқитындығы жазылған. Үш сөйлем бір-бірімен байланыспайды.

- Екінші бағанда ше?

- Екінші бағанда сөздер берілген.

- Үшінші бағанда ше?

-   Үшінші бағанда сөйлемдер жазылған. Бірінші сөйлемде мектепте жарыс ететіндігі, екінші сөйлемде жарысқа кімдер қатысатындығы, үшінші сөйлемде жарысқа Әселдің көрермен болып баратындығы хабарланып тұр. Бұл сөйлемдер бір-бірімен байланысып тұр.

2. Негізгі бөлім.

а) 1-жаттығу орындатылады. Сөйтіп, кестемен жұмыс және 1-жаттығудың тапсырмасын орындау арқылы оқушылар мәтіннің ауызша және жазбаша ойды жеткізетіндігін, мәтіннің бірнеше сөйлемнен құралатындығын және олардың бір-бірімен байланысып тұратындығын түсінеді.

ә) Оқулықтағы ережені оқу арқылы өздерінің жауаптарының дұрыстығына көздерін жеткізеді.

б) Оқушыларға ауызша мәтін құрастыруға тапсырма беріледі. Құрастырған мәтіндеріне ат қойғызуға да болады.

в) Оқулықтағы 2-жаттығу жазбаша, ал 3-жаттығу ауызша орындатылады.

IV. Сабақты қорытындылау

Тақтаға төмендегі үлгідегідей сұрақтар жазылған плакат ілінеді. Сұрақтарға жауап беру арқылы мәтін құрастырылады.

Терек, шырша, қайың нелер?

Олар нені тазартады?

Сондықтан нелерді кесуге болмайды?

Сабақ соңында оқушылардың жауаптары жинақталып, мәтін жайында білімдері пысықталады:

1. Мәтін дегеніміз - ойды ауызша және жазбаша жеткізу.

2. Мәтін бірнеше сөйлемнен құралады.

3. Мәтін сөйлемдері бір-бірімен мағына жағынан байланысып тұрады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сабақтың тақырыбы: Мәтін түрлері.

Сабақтың мақсаты: оқушылардың мәтін туралы алған білімдері бекітіледі; тақырып мәтінде не айтылатынын көрсететінін ұғындыру.

Сабақтың көрнекілігі: кесте.

Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап, түсіндіру, демонстрациялау.

Сабақтың барысы:

Үй тапсырмасын тексеру.

Жаңа сабақ.

1. Кіріспе әңгіме.

Үнтаспадан Е. Өтетілеуұлының «Футболшылар» өлеңі тыңдатылады.

-  Өлең не туралы?

-  Футбол ойыны туралы.

-  Осы өлеңді қалай атауға болады?

-  Футболшылар.

-  Неге?

-   Өйткені өлеңде футбол ойыншылары туралы айтылады. Сондықтан өлең «Футболшылар» деп аталуы тиіс.

2. Негізгі бөлім.

1. Оқулықпен жұмыс.

-  Балалар, 1-жаттығудағы өлеңнің аты қалай аталады?

-  «Боксшы».

-  Өлеңде кім туралы айтылады?

-  Боксшы.

-  Олай болса, өлең шынымен боксшы туралы екеніне көзімізді жеткізу үшін, бәріміз бір рет іштей оқып шығайық.

Оқушыларға 1-жаттығудағы Ш. Әлдибекұлының «Боксшы» өлеңін іштей оқуға тапсырма беріледі. Өлеңнің мазмұны сұралады.

а) Өлеңнің аты арқылы оны мазмұны не туралы екенін білуге болатындығын анықтайды.

ә) Оқулықтағы ережені оқу арқылы мәтін атауы тақырып деп аталатындығын және тақырып арқылы мәтінде не туралы айтылатынын меңгереді.

2-жаттығу орындалады.

а) Мәтінді түсініп оқуға тапсырма беріледі.

ә) Мәтіннің мазмұны айтылады.

б)  Мәтіннің тақырыбы қойылады. Мәселен, «Айырбас», «Нағыз дос», т.б.

в) Мәтін неше бөліктен тұратындығы табылады (екі бөліктен).

-  Бірінші бөлікте не туралы айтылған?

-  Бірінші бөлікте Мырзабектің шеберлігі, оның қораптан үй жасағандығы жөне оған құрдасы Иманбектің қатты қызыққаны туралы жазылған.

-  Екінші бөлік не туралы?

-   Екінші бөлікте Иманбек үйді допқа айырбастап алғысы келетіндігі және Иманбектің жауабы берілген.

-   Балалар, мәтіннің екі бөліктен тұратындығын қайдан білдіңдер?

-  Екі бөлік те абзацтан басталады.

-  Дұрыс айтасыңдар. Мәтін бірнеше бөлімнен тұрады. Әрбір бөлім жаңа жолдан, яғни абзацтан басталып жазылады.

3-жаттығуды орындатуға арналған сұрақтар мен тапсырмалар:

а) Мәтінді түсініп оқыңдар.

ә) Мәтін неше абзацтан құралған? Бірінші абзацта не туралы айтылған? (Орман және орманның пайдасы туралы). Екінші абзац ше? (Орман бағбаны туралы). Үшіншісі ше? (Орман бағбанының атқаратын еңбегі туралы).

б) Мәтінге ат қойыңдар.

в)  Мәтіннің бірінші бөлімін көшіріп жазуға тапсырма беріледі.

Сабақты қорытындылау.

Үйге тапсырма беру.

Үйден 4-жаттығуды орындап келу тапсырылады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сабақтың тақырыбы: Шығарма жазып үйренеміз,

Сабақтың мақсаты: шығарма жазыдыртып үйрету, жоспар құра білу ретін түсіндіру, шығарманың сөзден құралатыны, шығарманың алғашқы сөзін бас әріппен бастап жазып, соңына тыныс белгісін дұрыс қоюға дағдыландыру; сөйлемді тиісті дауыс ырғағымен оқуға үйрету.

Сабақтың барысы:

Үй тапсырмасын тексеру.

Оқушылардың бірінші сыныпта алған білімдері бойынша жалпы тексеру жұмысы жүргізіледі. Оны мұғалім өз қалауынша ұйымдастыра алады.

Жаңа сабақты түсіндіру.

Мазмұндамада автордың ойын айтып беруге үйрететін болса, шығармада өз ойыңды  жүйелі түрде дұрыс жеткізуге даңдыланасың.

Оқулықпен жұмыс.

 

1-жаттығу. Суретке қарап, сұрақтарға ауызша жауап бер.

1.     Иттің түр-сипаты қандай?

2.     Адам итті не үшін асырайды?

3.     Иттің ерлігі туралы әңгімеле.

4.     Иттің тағы басқа қандай көмектері бар?

 

2-жаттығу. Тірек сөздерді пайдаланып, қысқы табиғат көрінісін суреттеп жаз.

Тірек сөздер: ақ ұлпа, шыңылтыр аяз, көңілді балалар, жылтыр мұзайдын, таза ауа, жылы киім.

 

3-жаттығу. «Менің досым» тақырыбына шығарма жаз.

 

4-жаттығу. Мектептен үйге жеткенше жол бойы жан-жағыңды бақыла. Жолдан көргендерің туралы үйден жазып кел.

Жаңа сабақты қорыту.

Шығармашылық диктант.

1.     Концертке, дайындалды, оқушылар.

2.     Әсел, айтады, ән, Отан, туралы.

3.     Тақпақ, жаттадым, мен.

4.     Болат, тартады, домбыра.

5.     Концерт, қоясыңдар ма, сендер.

6.     Өнерлі ме, оқушылар, сыныптарыңдағы.

7.     Сыныптың, өнерлі, оқушылары.

8.     Ән, Әсемнің, ғажап, айтуы.

9.     Қандай, керемет, даусы.

10.           Ұйып, оны, тыңдаймыз, бәріміз.

Сабақты қорытындылау.

Сабақтың тақырыбы: Шығарма жазып үйренеміз,

Сабақтың мақсаты: шығарма жазыдыртып үйрету, жоспар құра білу ретін түсіндіру, шығарманың сөзден құралатыны, шығарманың алғашқы сөзін бас әріппен бастап жазып, соңына тыныс белгісін дұрыс қоюға дағдыландыру; сөйлемді тиісті дауыс ырғағымен оқуға үйрету.

Сабақтың барысы:

Үй тапсырмасын тексеру.

Оқушылардың бірінші сыныпта алған білімдері бойынша жалпы тексеру жұмысы жүргізіледі. Оны мұғалім өз қалауынша ұйымдастыра алады.

Жаңа сабақты түсіндіру.

Бұл тақырыпқа арналған жаттығулар алдыңғы сыныпта шығарма туралы берілген ұғымдарды еске түсіріп, жинақтау мақсатын көздейді.

1-жаттығу. Ілиястың жазған шығармасын түсініп оқы.

Бірде мектеп кітапханасында отыр едім. Артымда отырған екі оқушының әңгімесіне еріксіз құлақ түрдім.

-       Жасик, представляешь, бүгін қызық кино болады.

-       Ой, мен оны көре алмаймын. Бүгін в бассейн собираюсь.

Ана тілімізді шұбарлап отырған құрдастарыма ренжідім. Әрине, басқа тілді білген де  жөн. Бірақ ең бірінші өз тіліңді құрметтеуің керек қой. Сонда ғана тілге деген қамқорлық болады.

Сондықтан замандастарыма айтарым, ана тілімізді шұбарламай таза сақтайық, ардақтайық!

Шығармаға төмендегі тақырыптардың қайсысы сәйкес келеді?

1.     Екі достың әңгімесі.

2.     Ана тілін ардақтайық!

3.     Туған жер.

«Менің ана тілім» деген тақырыпта ойыңды қысқаша жаз.

2-жаттығу. Өз Отаның туралы үш жақсы сөз ойла. Туған жеріңе деген сүйіспеншілігіңді жаз. Мақалды оқып, мағынасын түсіндір.

Ел іші – алтын бесік.

3-жаттығу. Мәтінді түсініп оқы.. «Менің анам» тақырыбына шығарма жаз.

Ана.

Сенің ең бір жақының бар. Сенің ең бір жақын досың бар. Сенің ең бір жақын ұстазың бар. Ол -  ана! Сен жан болып дүниеге келдің, сенің іздейтінін бір-ақ жан. Ол – ана!

ҮІ. Сабақты қорыту.

Сабақты қорытындылау, үйге тапсырма беру, оны түсіндіру.

ҮІІ. Бағалау.

Оқушылардың  еңбегін мадақтау.

Сабақтың тақырыбы: Сөйлем.

Сабақтың мақсаты: сөйлемнің сөзден құралатыны, белгілі бір тиянақты ойды білдіретіні туралы түсінік беру; сөйлемнің алғашқы сөзін бас әріппен бастап жазып, соңына тыныс белгісін дұрыс қоюға дағдыландыру; сөйлемді тиісті дауыс ырғағымен оқуға үйрету.

Сабақтың барысы:

Үй тапсырмасын тексеру.

Оқушылардың бірінші сыныпта алған білімдері бойынша жалпы тексеру жұмысы жүргізіледі. Оны мұғалім өз қалауынша ұйымдастыра алады.

Жаңа сабақты түсіндіру.

Бұл тақырыпқа арналған жаттығулар алдыңғы сыныпта сөйлем туралы берілген ұғымдарды еске түсіріп, жинақтау мақсатын көздейді.

1-жаттығудың         тапсырмасын орындай отырып, оқушылар сөз бен сөйлемнің айырмашылығы туралы қорытынды жасайды. Әр сөйлемде қандай ой айтылып тұрғанын түсіндіреді. Сөйлемдерді ғана көшіріп жаздыртуға болады.

2-жаттығу      бойынша оқушылар кішкентай Айжанның жазған қағазын оқып көруге тырысады. Оны оқудың неге қиын болғанын, оның қандай ережелерді білмейтіндігін санамалай отырып, сөйлемді дұрыс құрау үшін қажетті талаптарды өздері айтады. Содан кейін осы талаптарды оқулықта берілген ережемен салыстырады.

3-жаттығу      бірінші сыныпта танысқан сөйлемнің соңына қойылатын тыныс белгілерді еске түсіруге арналған.

Жаттығу жұмысын жан-жақты талдап болғаннан кейін сөйлемнің соңына нүкте, сұрау белгісі, леп белгісі қойылатыны нақтыланады.

4-жаттығу оқушылардың сөйлем туралы алған білімдерін тексеруге берілген. Сөйлемдердің аражігін ажыратып, тиісті тыныс белгісін қойғаннан кейін тексеріліп, жаңа тақырыпты қалай меңгергендіктері анықталады. Мәтінді тиісті дауыс ырғағымен оқып, ауызша да сөйлемдердің аражігін ашып көрсетеді.

5-жаттығу арқылы берілген сөздерден байланысын дұрыс сақтап сөйлем құрастыруға дағдыланады.

Жаңа сабақты қорыту.

Сөйлемді жазудың ережелерін өздері құрастырып көреді.

1. Сөйлем аяқталған ойды білдіреді.

2. Сөйлем сөзден құралады.

3. Сөйлемдегі сөздер бөлек жазылады.

4. Сөйлемнің бірінші сөзі бас әріппен басталып жазылады.

5. Сөйлемнің соңына тыныс белгісі қойылады.

ҮІ. Сабақты қорыту.

Сабақты қорытындылау, үйге тапсырма беру, оны түсіндіру.

Сабақтың тақырыбы: Хабарлы сөйлем.

Сабақтың мақсаты: хабарлы сөйлемнің айтылу мақсатымен таныстыру; сөйлемдердің ара жігін ажыратып, тыныс белгісін дұрыс қоюға дағдыландыру; сөйлемдегі сөздерді дұрыс байланыстыра білуге үйрету.

Сабақтың барысы:

Үй тапсырмасын тексеру.

Тақтаға сөздер жазылған карточкалар ретсіз ілініп қойылады. Оқушылар осы сөздерден сөйлем құрастырады. Оқушылардың әр сөзді сөйлем ішінде дұрыс байланыстырып, орнын дұрыс тауып қоюын бақылау. Сөйлем туралы не білетіндіктері сұрақтар арқылы анықталады.

Жаңа сабақты түсіндіру.

Жаңа сабақты түсіндіруге дайындық жұмысы 1-жаттығу арқылы жүзеге асырылады. Сурет бойынша мәтін құрастырғаннан кейін, мәтіннің неше сөйлемнен тұратынын анықтайды. Әр сөйлемнің не жайында хабарлап тұрғанын айтады. Хабарлы сөйлем туралы бірінші сыныпта алған білімдерін еске түсіреді.

2-жаттығу бір нәрсе жайында хабарлай айтылған сөйлемнің соңына қандай тыныс белгісі қойылатынын байқатуды көздейді. Сөйлемді дұрыс ырғақпен оқуға үйренеді. Әр сөйлемнен кейін сәл тоқтап тыныс алады. Осы екі жаттығуды орындап болғаннан кейін хабарлы сөйлем, оған қойылатын тыныс белгі туралы қорытынды ережені айтады.

3-жаттығуда   сөздер жазылған карточкалар берілген. Ол сөздерді қатыстырып, жеке сөйлемдер құрастырады. Содан кейін осы сөйлемдерден не жайында мәтін құрастыруға болатынын айтқызуға болады. Балалар мәтіндегі әр сөйлемнің не жайында хабарлап тұрғанын айтады.

4, 5-жаттығулар оқушылардың хабарлы сөйлем туралы алған білімдерін тиянақтай түсуіне көмектеседі. Мазмұнына қарай мақалдың жалғасын табады және аяқталған ойды білдіріп тұрған толық сөйлемді іздейді.

Жаңа сабақты қорыту.

Оқушыларға сөйлем жөне оның түрлері туралы алған білімдерін қорытындылайтын сұрақтар қойылады.

1.     Аязды күні торғайлар

2.     Біздің сынып

3.     Алмат сабақтан кешікпейді

4.     Жексенбі күні

5.     Болат күшікті үйге әкелді

6.     Жалғыз аяқ жолмен

ҮІ. Сабақты қорыту.

Сабақты қорытындылау, үйге тапсырма беру, оны түсіндіру.

ҮІІ. Бағалау.

Сабақтың тақырыбы: Сұраулы сөйлем.

Сабақтың мақсаты: оқушыларға сұраулы сөйлемнің мағынасын түсіндіру; сұраулық мағынаны білдіретін сөздер туралы алғашқы түсініктерін қалыптастыру; сұраулы сөйлемді тиісті дауыс ырғағымен оқуға жаттығу.

Сабақтың барысы:

Үй тапсырмасын тексеру.

Хабарлы сөйлемге байланысты үйге берілген жаттығудың орындалу барысы тексеріледі. Сұрақтар арқылы сабақ бекітіледі.

Жаңа сабақты түсіндіру.

Сұраулы сөйлемді саналы меңгерту үшін, әртүрлі сөйлемдер жазылған кестеден сұраулы сөйлемдерді тапқызып, олардың мағынасы мен тұлғасына назарларын аудару керек. Кестедегі сөйлемдерді талдай келіп, сұраулы сөйлем туралы дерек бергеннен кейін, оның мынадай өзіндік белгілері барын айту керек:

1. Сұраулы сөйлем сұраулық мағынаны береді.

2. Сұраулы сөйлемде сұраулық мағынаны білдіретін сөз көтеріңкі дауыспен айтылады.

3. Жазғанда, сұраулы сөйлемнің соңына сұрау белгісі қойылады.

Сұраулы сөйлемнің негізгі белгісін арқау етіп, оған мынадай анықтама беріледі:

Біреу я бірдеме жайында сұрай айтылған сөйлемді сұраулы сөйлем дейміз. Сұраулы сөйлем жауап алу мақсатында айтылады.

Оқулықта берілген жаттығулар орындалады.

Сұраулы сөйлем бойынша алған білімдерін бекіту үшін мынадай жұмыстар жүргізіледі:

1. Оқушыларға бір-біріне сұрақ қойғызып, жауап бергізу.

2. Берілген әңгімені оқу, ондағы сұраулы сөйлем мен хабарлы сөйлемдердің оқылуын аңғарту. Сұраулы сөйлемдердің қалай жасалып тұрғанын айтқызу.

3. Хабарлы сөйлемдерді сұраулы сөйлемдерге, керісінше, сұраулы сөйлемдерді хабарлы сөйлемдерге айналдыру.

4. Тыныс белгісі қойылмай жазылған мәтіндердегі сұраулы сөйлемдердің тыныс белгісін қою, т.б.

Осы тәрізді басқа да жұмыстарды орындату арқылы оқушылардың бойына сұраулы сөйлемнен мынадай дағдылар қалыптасады: ауызекі сөзде, мәтіндерде кездесетін сұраулы сөйлемдерді таба білу; олардың интонациясын сақтай отырып, оқуға, айтуға жаттығу; тыныс белгілері қойылмай берілген сұраулы сөйлемдердің тыныс белгісін дұрыстап қою; мазмұндама, шығарма жазған кезде сұраулы сөйлемдерді дұрыс қолдана білу; ойдан сұраулы сөйлемдер құрастыра білу, т.б.

ҮІ. Сабақты қорыту.

Сабақты қорытындылау, үйге тапсырма беру, оны түсіндіру.

 

Прикреплённые файлы:dokument_microsoft_office__ord____.rar
Автор: Бергенбай М.
Просмотров: 5670
Дата создания: 12 Декабря 2012 г.
Дата редактирования: 12 Декабря 2012 г.
www.egov.kz
Опрос